Сіздерді рухани мәдениетіміздің алтын қазынасы, ұлттық болмысымыздың символы — Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Домбыра — тек музыкалық аспап қана емес, қазақтың тарихын, тағдырын, мұңы мен қуанышын кеудесіне сыйғызған қасиетті тұғырымыз. Халқымыз сан ғасырдан бері басынан өткерген небір қиын-қыстау замандар мен алмағайып күндерде өз мұң-зары мен арман-тілегін екі ішектің құдіретімен жеткізе білген. Елдің азаттыққа деген ұлы аңсары домбыраның пернесінде, күйдің тілінде сөйлеп, әрбір жүрекке рух беріп, мақтаныш сезімін ұялатады.
Ұлы Құрманғазының екпінді күйлері, Тәттімбеттің қоңыр саздары, Динаның өршіл нақыштары — рухани өміріміздің алтын діңгегі. Шертпе күй мен төкпе күйдің құдіреті әрбір қазақтың қанына сіңіп, жүрегіне ұялаған. Сондықтан да ақын Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра!» — деп бекер айтпаса керек.
Бүгінгі маңызды мереке — ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты дарытатын бірегей күн.
Төрімізден домбыра, жанымыздан күй сазы кетпесін! Қасиетті аспабымыздың үні әрқашан бейбіт аспанымыздың астында асқақтай берсін!



