Біз туралы
Бозоқ мемлекеттік тарихи—мәдени музей—қорығы – ұлттық мұраның маңызды орталығы.
Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы – еліміздің көне тарихы мен мәдени мұрасын сақтап, зерттеуге бағытталған бірегей ғылыми-мәдени мекеме. Ол ежелгі Бозоқ қалашығының орнында орналасқан және Қазақстан аумағындағы ортағасырлық өркениеттің дамуын танытатын маңызды археологиялық кешен болып саналады.
Музей-қорықтың негізгі мақсаты – археологиялық ескерткіштерді сақтау, зерттеу және оларды келешек ұрпаққа жеткізу. Бұл бағытта мекеме Қазақстан тарихының көне кезеңдерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи сабақтастықты ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды жүзеге асырады.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында тарихи сананы жаңғырту мен мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше мән береді. Осы тұрғыда Бозоқ музей-қорығының қызметі ұлттық тарихты қайта зерделеу мен ғылыми айналымға енгізуде маңызды рөл атқарады.
Бозоқ – Елордамыз тарихының алғашқы беттерінің бірі. Бұл ескерткіш ортағасырлық қалашық болып табылады және Астана қаласының батысында, Бозоқты көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Орналасқан жері әскери-стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызды, өйткені солтүстіктен оңтүстікке және батыстан шығысқа бағытталған керуен жолдарын бақылауға мүмкіндік берген. Осы аймақ арқылы Ұлы Жібек жолының сауда тармақтары өткен.
Бозоқ қалашығы алғаш рет 1816 жылы Сібірден Орта Азияға керуен жолдарының бірімен сапар шеккен орыс офицері Иван Шангиннің жол жазбаларында аталды. 1929-1930 жылдары белгілі өлкетанушы Л. Семенов ескерткіште алғашқы барлау қазба жұмыстарын жүргізді.
Бозоқты қайта ашу 1998 жылы белгілі қазақстандық ғалым К. Ә. Ақышев бастаған археологтар тобының еңбегімен жүзеге асты. 1999 жылдан бастап қалашықта далалық зерттеулер басталып, ол Еуразияның дала аймағындағы отырықшы мәдениет ескерткіштерін зерттеудегі ең ірі жұмыстардың біріне айналды.
Орта ғасырларда Бозоқтан оңтүстік-батысқа қарай 2 км жерде керуен жолы өткен: Омбы – Қызылжар – Көкшетау – Бурабай, одан әрі Есілдің оң жақ саласы мен Қайрақты өзені арқылы Қараөткелге (Ақмола) жеткен. Нұра өзені бойымен Бытығайға, кейін Нұра және Сарысу арқылы Созақ – Сығанақ – Сауран бағытында Түркістанға жалғасқан.
Бозоқ ескерткіші әр кезеңге жататын нысандар кешенінен тұрады: көне түркі ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда дәуірінің некрополі, тұрақты тұрғын үйлер, қазақ қыстауы және ирригациялық жүйе. Жалпы аумағы 40 гектарды құрайды. Бұл материалдар Еуразияның ортағасырлық археологиясы үшін маңызды. Бозоқтың ашылуы елорда тарихы үшін екі тұрғыдан маңызды: біріншіден, бұл жердің мың жылдан астам уақыт бойы урбанизацияланған орталық ретінде таңдалғанын дәлелдейді; екіншіден, оның кейінгі дәуірлерде сакралды кеңістік ретінде сақталғанын көрсетеді.
Археологиялық зерттеулер қалашықтың құрылыс кезеңдерін анықтады. Бұл аумақты алғаш VII ғасырда көне түріктер игерген. Олар VI ғасырда қуатты мемлекет құрып, Моңғолиядан Дунайға дейінгі аумаққа таралған. Есіл өзені аңғарындағы көптеген жерлердің ішінен Бозоқты көлінің шығыс жағалауын таңдаған. Олар үш алаңнан тұратын кварталдар салған, кейін олар қалашықтың орталығына айналған. Әр алаңның көлемі шамамен 65х55 м, үш жапырақты гүл тәрізді орналасқан. Оларды ені 3–5 м, тереңдігі 2–3 м ор қоршаған. Ордан алынған балшықтан кірпіш құйылып, қорған қабырғалары тұрғызылған.
Солтүстік квартал ең ірі және негізгі бөлік болып табылады. Оның өлшемі 63х60 м, ішкі алаңы 35х35 м. Ол ең биік қорғанмен қоршалған. Оңтүстік кварталдың өлшемі 55х55 м, ал шығыс кварталдың көлемі 55х45 м.
Солтүстік квартал толық зерттеліп, оның төменгі қабатынан ерте ортағасырлық ғибадатхана мен адам құрбандыққа шалынған жер анықталған.
X ғасырда қыпшақ тайпалары бұл жерде өз қағандарына арналған резиденция салған. Бозоқтың орналасуы геостратегиялық тұрғыдан өте тиімді болды, өйткені ол Сарыарқаның ортасында, солтүстік Сібір және Орта Азия өзендерінің бастау тоғысқан жерінде орналасқан.
XIII–XIV ғасырларда, Алтын Орда дәуірінде, мұнда жерлеу құрылыстары, жертөле типтес үйлер және кірпіш күйдіру пештері салынған. Бұл кезеңде ислам дінінің таралуының алғашқы белгілері байқалады.
Зерттеулер барысында бай әшекейлермен жерленген әйел қабірі табылған. Оның бас киімі «бокка» деп аталады, оны моңғол дәуірінде жоғары мәртебелі әйелдер киген.
Сондай-ақ жертөле типіндегі тұрғын үйлер кешені зерттелген. Үйлер бірнеше бөлмеден тұрып, тар дәліздермен байланысқан. Қабырғалары сыланып, едені саз және күлмен тегістелген. Әр бөлмеде саздан жасалған пештер мен ошақтар болған.
Бозоқ – Орталық Қазақстандағы ирригациялық жүйесі толық зерттелген алғашқы ескерткіш. Суару жүйесі магистральдық каналдардан, тарату арналары мен арықтардан тұрған. Бұл жүйе Есіл аңғарының табиғи жағдайларын тиімді пайдаланған.
Бозоқ материалдары төрт тарихи кезеңді қамтиды: Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Қалашық VII–IX ғасырлардан XVI–XVII ғасырларға дейін өмір сүрген.
XIV ғасырда Бозоқ исламданған элитаның рухани орталығына айналған. Некрополь – Қазақстан даласындағы ортағасырлық алғашқы діни ескерткіштердің бірі.
Музей-қорық заманауи технологиялармен жабдықталған, археологиялық жәдігерлерді зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, мұнда білікті археологтар, тарихшылар және реставраторлар қызмет атқарады.
Бүгінгі таңда Бозоқ музей-қорығы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауда, сондай-ақ Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруда маңызды орынға ие.
Кәсіпорындарға қатысты тиісті саланы (мемлекеттік басқару аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган болып Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі айқындалсын.
Бозоқ музей-қорығы құрылғаннан бастап уақытша орналастырылған Ұлттық музей ғимаратында жұмыс істеп келеді және оны өтеусіз пайдалану шарты негізінде пайдаланады.
Музей-қорықтың жұмыс уақыты белгіленген кестеге сәйкес ұйымдастырылған: жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетіледі, ал демалыс және мереке күндері келушілер үшін жабық болады.