Ұлы Жеңіс күніне орай «Бозоқ» музей-қорығында «Майдангер мұрасы: Ақышев және тарихи тағылым» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты — көрнекті археолог, майдангер-ғалым Кемел Ақышевтың ғылыми мұрасын насихаттау, тарихи сананы қалыптастыру және жас ұрпақ бойында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу.
Дөңгелек үстел барысында белгілі ғалым Марал Қалымжанқызы сөз сөйлеп, Кемел Ақышевтың өмір жолы мен ғылыми қызметіне жан-жақты тоқталды. Баяндамасында ғалымның қазақ археологиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, тарихи-мәдени мұраны зерттеу бағытындағы еңбектері және ұлттық ғылымдағы орны ғылыми тұрғыда сараланды.
Іс-шараға №91 мектептің және Целиноград ауданы Қараөткел ауылы IT мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Кездесу аясында Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі тарихи тағылым, археологиялық зерттеулердің маңызы мен ұлттық мұраны сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.Сонымен қатар, оқушылар патриоттық бағыттағы өлеңдер оқып, тарихи мұра жөніндегі өз ойларымен бөлісті.