

Батыс Тянь-Шань таулары
Елімізде ЮНЕСКО құрамына енген көз тартар көрікті орындар, маңызды нысандар жетерлік. Солардың бірі һәм бірегейі – Батыс Тянь-Шань таулары.
Тарихи қорға енген таулар – 2016 жылғы 17 шілдеде Стамбулда өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 40-сессиясында Дүниежүзілік мұра тізіміне табиғи нысан ретінде енгізілді. Аталған таудың бірқатар жоталары Түркістан мен Жамбыл облыстарында орналасқан.
Батыс Тянь-Шань сілемдері Қазақстан шекарасында ғана емес, Қырғызстан және Өзбекстан территориясына да кіреді. Нысан Орталық Азиядағы әлемдегі ең ірі жеті тау жүйелерінің бірі зәулім Тянь-Шаньның бір құрамы саналады. Кейбір бөліктерінің биіктігі 700 метрден 4 мың 503 метрге дейін жетіп артылады.
Батыс Тянь-Шаньның Қазақстанға тиесілі аумағында Қаратау қорығы, Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар. Бұл жерлерде флора мен фаунаның алуантүрлілігі өте жоғары. Сирек кездесетін өсімдіктер мен жан-жануарлардың саны артып, жыл сайын көбейіп келеді. Сонымен қатар әлемдегі мәдени дақылдардың (әсіресе жеміс ағаштарының) жабайы ата тегі де қалыптасып, терең дамыған.



