18 мамыр күні сағат 19:00-де ҚР МАМ МК «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Музей түні» акциясы аясында «Бозоқ-Ұлы дала өркениеті» атты тарихи көрменің ашылу салтанаты өтеді.
Көрменің мақсаты – Бозоқ археологиялық кешенінің тарихи-мәдени маңызын кеңінен таныстыру, оны Ұлы Дала кеңістігіндегі урбанизациялық үдерістер мен мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды орталықтардың бірі ретінде ғылыми негізде насихаттау. Экспозиция мазмұны арқылы ортағасырлық кезеңдердегі қоғамдық құрылым, шаруашылық-экономикалық жүйе, рухани-мәдени сабақтастық және Бозоқтың тарихи кеңістіктегі өркениеттік рөлі жан-жақты көрсетіледі.Ортағасырлық Бозоқ қалашығы (VIII–XVI ғғ.) Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан бірегей тарихи-археологиялық кешен болып табылады. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, бұл аймақ Түрік қағанаты, Дешті-Қыпшақ және Алтын Орда кезеңдерінде стратегиялық, саяси-әкімшілік әрі рухани орталық қызметін атқарған. Бозоқ ескерткіші қазіргі Астана аумағындағы тарихи сабақтастықтың маңызды айғағы ретінде бағаланып, елорданың мыңжылдық тарихын айқындайтын құнды мәдени мұра нысандарының бірі саналады.
Көрменің ғылыми-экспозициялық мазмұнын толықтыра түсетін маңызды бөлімдердің бірі – қазақстандық мүсінші-реконструктор, этнограф-зерттеуші Ахметжан Қалиолла Саматұлы дайындаған «Дала жауынгерінің бейнесі» атты көркем реконструкциялар топтамасы. Ғалым 40 жылдан астам уақыт бойы қазақтың дәстүрлі қару-жарағын және Қазақстан аумағындағы көшпелі халықтардың әскери мәдениетін зерттеп келеді. Ол қазақтың дәстүрлі қару-жарақ тарихын ғылыми тұрғыда жүйелі зерттеген жетекші мамандардың бірі ретінде танымал.
Сондай-ақ іс-шара аясында «Бозоқ — Ұлы дала өркениеті» ғылыми-танымдық журналының тұсаукесер рәсімі өтеді. Аталған басылымда Бозоқ археологиялық кешенінің тарихы, археологиялық зерттеулері, мәдени мұрасы мен тарихи маңызына арналған отандық ғалымдардың ғылыми мақалалары жарияланған. Журнал Бозоқ ескерткішінің ғылыми айналымдағы орнын кеңейтуге, тарихи-танымдық бағыттағы зерттеулерді насихаттауға және ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар мен зерттеушілер, мәдениет саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысады деп жоспарлануда.
Өтетін орны: ҚР Ұлттық музейі 4 қабат, Астана қ., Тәуелсіздік даңғылы, 54.