Ұлан-ғайыр қазақ даласының әр қиыры қазыналы ескерткіштерге, мәдени нысандарға толы. Тарихы бай, мазмұны кенен өткеніміздің тағы бір дәлелі, ЮНЕСКО-ның құрамына енген екінші мұрамыз – Тамғалы петроглифтері.
Тамғалы петроглифтерін 1957 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тарих және археология институтының Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясындағы Жетісу отряды ашқан. Петроглифтер кездейсоқта табылғанмен, бұл жаңалықтың дабылы бір ғана мемлекетке емес, әлем жұрты алдында паш етіліп, арнайы қорғауға алынды.
Петроглифтер Тамғалы шатқалының аса маңызды және көптүрлі ескерткіштерінің бірі болып табылады. Тастағы суреттер галереясын арғы ата бабаларымыз орта қола, кеш қола, өтпелі дәуір (ертедегі сақ), ертедегі темір дәуір (сақ және үйсін), ортағасыр (ертедегі түрік) және жаңа заман (жоңғар және қазақ) сияқты әртүрлі тарихи дәуірде құрған. Тамғалы тастағы орта қола дәуірдің петроглифтары эстетикалық және мәдени құндылықтарға толы. Бағалы суреттерден сол кездегі тас бейнелеу өнерінің шеберлері салған әртүрлі нақыштарды көруге болады. Мәселен, «маскарадшылар», шоқпар ұстаушылар, қасқыр маскасындағы садақшы, қару ұстаған жауынгерлер, малдар мен адамдарды құрбандыққа шалу көріністері, жас босанған әйелдер, арбалар, түрлі белгілер, символдар, сондай-ақ бұқаларды, құландарды, аттарды, түйелерді, қабандарды кезіктіруге болады.
Тамғалы тарихы бүгінге дейін зерделеніп, жаңаша сипат алып келеді. Қанша қазса да қазынасы ортаймас мәдени мұрамыз болашақта да жаңа қырынан ашылып, ел абыройын асқақтата берері даусыз.
#Мәдениет және ақпарат министрлігі
#ЮНЕСКО мұралары




Previous
Next



