Бүгін "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында "Көктем келді! Ағаш отырғызуға асығайық" акциясы өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шара барысында археологиялық ескерткіш аумағында ағаш отырғызылды.
Акцияға мәдениет және спорт вице-министрі С.Жарасбаеві, музей қызметкерлері, Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институты және Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы ("Жасыл Ел" жастар жобасы), "Аt-travel" ат клубы, сондай-ақ елорданың жалпы білім беретін мектептері мен колледждерінің оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты қоғамның назарын тарихи-мәдени мұра мен экологияны сақтау проблемаларына аудару болды.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар өткен акцияның жақын маңдағы төл саябақ аймақтары жоқ Үркер шағын ауданының дамуына жағымды әсер ететініне сенімді.
Естеріңізге сала кетсек, ежелгі Бозоқ қалашығы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында, Ильинка және Үркер ауылдарының арасында орналасқан.
Бұл археологиялық ескерткіш Ақмола облысының "Құмай", "Бытығай" ескерткіштерімен қатар елорданың киелі белдеуіне кіреді.