«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының тұрақты ғылыми-танымдық көрмесі

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Ұлы дала тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және дамытуға, сондай-ақ «Бозоқ» ежелгі қалашығының археологиялық қазбалары негізінде «Ашық аспан астындағы ұлттық парк» құру жөніндегі ауқымды жобаны іске асыруға арналған тұрақты ғылыми-танымдық көрме жұмыс істейді.  

      Экспозицияда көпжылдық археологиялық зерттеулер мен ғылыми ізденістер негізінде әзірленген жобаның бас жоспары, стратегиялық мақсаттары мен негізгі міндеттері ұсынылған. Көрме материалдары ескерткішті сақтау, консервациялау және музейлендірудің заманауи ғылыми негізделген тәсілдерін көрсетіп, оның дала өркениетінің ежелгі және ортағасырлық орталықтары жүйесіндегі маңызын ашады.

Аймақтың тарихи сабақтастығына ерекше назар аударылған: ерте қоныстар мен қалалық мәдениеттің қалыптасуынан бастап, қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің қалыптасу үдерістеріне ықпал еткен әскери-саяси құрылымдар мен рухани дәстүрлердің орнығуына дейінгі кезеңдер қамтылған. Экспозиция ескерткіштің сәулеттік ерекшеліктерін, археологиялық қазба нәтижелерін және оның елдегі негізгі археологиялық орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін дәлелдейтін бірегей олжаларды таныстырады.

       Алдағы уақытта жоба Ұлы дала дәуірлерінің түрлі кезеңдеріндегі нысандарды қайта жаңғырта отырып, ғылыми-зерттеу, білім беру және туристік инфрақұрылымды дамыту арқылы халықаралық деңгейдегі тарихи-мәдени кешен құруды көздейді. Жобаны жүзеге асыру ғылымды, тарихи реконструкцияны және мұраны насихаттаудың интерактивті формаларын біріктіретін заманауи мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталған.

Көрме мектеп оқушыларына, студенттерге, зерттеушілерге, отандық және шетелдік туристерге арналған және ұлттық тарихи жадты нығайтуға, мәдени бірегейлікті қалыптастыруға, сондай-ақ мәдени-танымдық туризмді дамытуға ықпал етеді.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin