Қадыр Мырза Әли атындағы Binom school мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Қыпшақ Нұрболат пен тарих пәнінің мұғалімі, жетекшісі Оспанова Әсемгүл Бозоқ музей-қорығына келіп, ғылыми жобаларына қажетті материалдармен танысты.
Зерттеу бағыттары археологиядан бастап туризмге дейінгі кең тақырыптарды қамтиды. Осыған орай, Бозоқ қонысының тарихи-мәдени мұрасы, археологиялық зерттеулердің нәтижелері және олардың қазіргі қоғамдағы маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау бөлімінің басшысы Қазанбаев Жанболат мазмұнды экскурсия жүргізіп, ортағасырлық қоныстың құрылымы, шаруашылық жүйесі мен рухани өмірінен сыр шертті. Сонымен қатар, Бозоқтың қазіргі таңда ғылыми ізденістер мен мәдени-танымдық туризмді дамытудағы рөліне тоқталды.
Бұл кездесудің нәтижесінде жас ізденушілер ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін құнды мәліметтер жинақтап қана қоймай, тарих пен мәдени мұраның заманауи қоғамдағы орны туралы түсінігін кеңейтті.
Жас зерттеуші Қыпшақ Нұрболатқа алдағы ғылыми ізденістерінде табыс тілейміз. Білімге деген ынтасы мен тарихқа деген қызығушылығы оны жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенімдіміз.