2025 жылғы 29 тамызда "БОЗОҚ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында көне «Бозоқ» қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астында ұлттық парк құру тарихи-мәдени, архитектуралық жобасы тұжырымдамасының ғылыми құрамдас бөлігіне сәйкес жобаны іске асыру мәселелері жөніндегі ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Ұлттық археологиялық парк тұжырымдамасын әзірлеу үшін 2019 жылы отандық жетекші тарихшы және археолог ғалымдарынан құралған топ жасақталып, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен, К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Осы жылдың өзінде-ақ Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырыстарында жобаның форэскизі мен тұжырымдамасы, сондай-ақ К.А. Ақышев атындағы ҒЗИ мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жүргізген ғылыми зерттеулер негізінде әзірленген әрбір нысанның эскиздік жобасы бекітілді. «Бозоқ» жобасы Орталық Азиядағы Еуразия даласының қоныстану ескерткіштерінің эволюциясын реконструкциялаудың алғашқы үлгісі болды. Жобаның басты мақсаты — тарихи урбанизация процесінің кезең-кезеңімен дамуын көрсету, соның ішінде қазіргі Астана қаласының бастауына айналған ерте ортағасырлық Бозоқ қалашығын қайта жаңғырту. Сонымен қатар, Қазақ хандығының өркендеу кезеңіндегі астаналардың жинақталған бейнесінде жасалған Визит-орталықты ұсыну (авторы – сәулет философиясы ғылымдарының докторы Ордабаев Алмаз Баймұханұлы).

«Бозоқ» жобасын талқылауға алғашқылардың бірі болып белсене қатысқандардың қатарында тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстандағы қалалық мәдениеттерді зерттеудің жетекші ғалымы Ерболат Әкежанұлы Смағұлов (1952–2019), тарихшы әрі сәулетші, PhD докторы, Қазақстан Өнер академиясының құрметті академигі Алмас Баймұханұлы Ордабаев, сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашұлы Самашев болды. Жобаның алғашқы күндерінен бастап К.А. Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марал Қалымжанқызы Хабдулина маңызды үлес қосып келеді. Ол тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевпен бірге Бозоқ қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарын басқарған болатын.

Кейінірек «БОЗОҚ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері мен елдің жетекші археологтарымен бірлесе отырып, «Бозоқ» тарихи-мәдени жобасының негізін құраған негізгі ғылыми тұжырымдамалар жасалды. «Қазақстан аумағындағы қоныстардың эволюция тарихы» атты ғылыми тұжырымдаманың авторлары – Қазақстанның жетекші археологы, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашұлы Самашев және этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, музей-қорықтың жетекші ғылыми қызметкері Зубайда Қабиқызы Сураганова. «Қазақстан аумағындағы металлургияның ерте даму тарихы» тұжырымдамасын қола дәуірі металлургиясын зерттеуші, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Сергеевна Ермолаева дайындады. «Қазақстан аумағындағы қыш өнерінің тарихы» тұжырымдамасының авторы – ортағасырлық қыш өндірісін зерттеуші, PhD, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Шәрдарбекұлы Ақымбек.

«Ежелгі сарай және ғибадатхана кешендері» тұжырымдамасын археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлұлы Құрманқұлов жасады. Ал энеолит дәуірінің Ботай мәдениетіне тән қоныс жайлы тұжырымдаманың авторы – қазіргі таңда марқұм болған тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан аумағында жылқыны қолға үйрету теориясының негізін қалаушы Виктор Фёдорович Зайберт. Аталған ғылыми тұжырымдамалар жобаның іргелі негізін құрады.

Бүгінгі таңда жобаның негізгі кеңесшілерінің қатарында тарих ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Аманжолұлы Әбіл, тарих ғылымдарының кандидаты Айболат Қайырслямұлы Кушкумбаев, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Гельманұлы Аяған бар. Жобаның тұрақты ғылыми-консультативтік қолдауын З.С. Самашев, М.Қ. Хабдулина, В.В. Варфоломеев, Е.А. Әбіл, Б.Г., Ж.О. Артықбаев, Б. Әбдіғали, А.С. Құсқұмбаев және Ж.М. Сабитов сияқты тарих және археология саласының жетекші ғалымдары қамтамасыз етіп келеді. Олардың қатысуы жобаның ғылыми және әдіснамалық негізін нығайтып, тарихи-мәдени тұжырымдамаларды тарих ғылымының соңғы жетістіктерімен үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр.

Ғылым (археология, тарих, этнография) тоқтаусыз дамуда: жаңа ашылымдар, далалық зерттеулер және пәнаралық талдау әдістерінің жетілуі жекелеген тарихи нысандарды нақтылауды қажет етеді. Жоба – ғылыми дамудың бір бөлігі, ол қазіргі заманғы зерттеулер мен әдістерді біріктіреді. Соңғы жылдары Қазақстанның жетекші ғылыми-зерттеу институттары жүргізген Алтын Орда дәуіріне қатысты зерттеулер жобаны дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Бұл «Бозоқ» тарихи-мәдени тұжырымдамасының іргелі негізін нығайтудың қажеттілігін дәлелдей отырып, жаңа ғылыми көкжиектерді ашады.

Аталған жағдай Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттаудың маңызды факторына айналды.

Есіл археологиялық экспедициясының (1999–2014 жж.) деректеріне сәйкес, белгілі археолог, отандық археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышев, кейіннен тарих ғылымдарының кандидаты Марал Қалымжанқызы Хабдулинаның жетекшілігімен Бозоқ қалашығы аумағында XIII–XIV ғасырларға тән 72 алтынордалық жерлеу орны анықталды. Бұл жерлеулерде моңғолдық үлгідегі жерлеу рәсімдерінің бірегей элементтері байқалады. Ерекше қызығушылық тудырған нысандардың бірі – «Інжу» аталған жауынгер әйелдің элиталық жерлеуі. Дәстүрлі жерлеу бұйымдарымен (моншақ, сырға, айна) қатар, оның қасынан темір қанжар, найза және оң қолына қойылған күміс тостаған табылды. Бірегей олжа ретінде моңғолдық үлгідегі бас киім – «Бокка» анықталды, бұл оның қоғамдағы жоғары мәртебесін айғақтайды. Сүйектерге жасалған антропологиялық талдау мен жерлеу заттарын ескере отырып жасалған жауынгер әйелдің бейнесі оның қоғамдағы жоғары статусын дәлелдейді. Сонымен бірге қалашық аумағында Алтын Орда кезеңіне тән 5 мұсылман мазарлары табылды. Оларда түркілік жерлеу дәстүрінің элементтері (қойдың омыртқалары, асықтар, пышақтар, жебе ұштары, моншақтар) болғанымен, сәулеттік үлгісі Алтын Орда дәуірінің стилінде орындалған. Баланың бір жерлеу орнынан «Сарай әл-Махруса» деген жазуы бар, 1323 жылға жататын күміс теңге табылды. Бұл археологиялық кешен – Орталық Қазақстан археологиясындағы Алтын Орда дәуіріне тән элиталық некропольдің жан-жақты зерттелген мысалы. Оның жерлеу рәсімдері айқын сипатымен ерекшеленіп, Бозоқ қалашығы аумағында Алтын Орда дәуірінің болғанын дәлелдейді.

Талқылауға Жошы Ұлысы институтының директоры, PhD докторы, тарихшы-медиевист, саясаттанушы Жақсылық Мұратұлы Сабитов, К.А. Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры Марал Қалымжанқызы Хабдулина, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Зубайда Қабиқызы Сураганова және археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Сабитқызы Ганиева қатысты. М.Қ. Хабдулина 72 алтынордалық жерлеу орны мен бес мұсылман мазарынан тұратын археологиялық олжалардың маңыздылығын атап өтті, олардың ішінде ерекше – жауынгер әйелдің элиталық жерлеуі. Музей-қорық директоры С. Бурбаева осы ескерткіштерге Жошы Ұлысы институтының (директоры Ж.М. Сабитов) ғылыми қорытынды беруін ұсынды. Дамып келе жатқан тарихи ғылымды ескере отырып, Бозоқ археологиялық ескерткіші аумағында табылған нысандар бойынша бар ғылыми деректер аталған институтқа қосымша сараптамалық қорытынды әзірлеу үшін беріледі.

Жиынға қатысушылар жобаның ғылыми құндылығын арттыру үшін тұжырымдаманы заманауи ғылыми зерттеулер мен тарихи ғылымның өзекті деректері негізінде сараптамадан өткізудің қажеттілігін атап өтті. Бұл қадам жобаның ғылыми мәнін күшейтіп, дала өркениеттерінің тарихи-мәдени мұрасын насихаттаудың жаңа үрдістеріне толық сәйкес келуіне мүмкіндік береді.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Похожие посты