BOZOQ FEST – QYMYZMURYNDYQ 2025

2025 жылдың 27 маусымда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «БОЗОҚ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ақмола облысы Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірігіп, халқымыздың көне дәстүрі – «Қымызмұрындық» мейрамына арналған республикалық этнофестиваль өткізді!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Мәдениет — бұл тек ғимараттар мен мекемелер ғана емес, бұл — жаһандық әлемдегі ұлттық сана-сезімімізді нығайтатын берік негіз», – деп атап өткен болатын.

Бұл фестиваль «БОЗОҚ – ӨҢІРЛЕРДЕ» жобасы аясында өтіп, Бозоқ Ұлттық археологиялық паркінің құрылуы туралы тарихи-мәдени жобаны кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Еуразия даласының материалдық емес мұрасын сақтау мен жаңғыртуға бағытталды.

2021–2023 жылдары жүргізілген экспедициялардың нәтижесінде жарық көрген «ЕУРАЗИЯ ДАЛАСЫНЫҢ ҚЫМЫЗ МЕРЕКЕСІ» атты ғылыми жинақ пен «Қымызмұрындық» авторлық сценариі осы игі істің ғылыми-мәдени негізін қалады.

Фестивальдің ең дәмді әрі қызықты сәті — қымыз дайындау үдерісі болды.

ЦЕЛИНОГРАД ауданына қарасты 21 ауылдан келген қатысушылар бие сауып, күбімен қымыз пісіп, бұл дәстүрдің бүге-шігесіне дейін көрсетті.

Кимешек киген аналарымыз қымыздың тарихы мен құрамын түсіндіре отырып, оның жасалу жолдарын таныстырды.

Театрландырылған этнографиялық көріністер шынайы әсер қалдырды.

БИБІГҮЛ КӘРДЕНОВА бастаған шеберлер киіз басу, ұршық иіру секілді дәстүрлі қолөнерді көрсетті.

Бағдарлама соңы мерекелік концертке ұласты.

Фестиваль аясында «Бозоқ» музей-қорығының қызметкерлері Қазанбаев Жанболат пен Бақытжанова Қымбат «Қымызмұрындық — Еуразия даласының қымыз мейрамы: лейтмотив, жады және болмыс» атты монографияны таныстырып өтті.

Кітаптың авторы СҰРАҒАНОВА ЗҰБАЙДА КӘБИҚЫЗЫ ортаға шақырылып, арнайы алғыс айтылып, гүл шоғын табыстадық.

Қатысушылар қатарында: археолог Марал Хабдулина, профессор Жан-Лука Бонора (Италия), этнограф Зұбайда Сұрағанова, тарихшы Аяған Бүркітбай, қолөнерші Бибігүл Қарденова және тағы басқа отандық, шетелдік ғалымдар мен өнер майталмандары болды.

2018 жылы «Қымызмұрындық» дәстүрі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бұл – халқымыздың өмір салты мен дүниетанымының айқын көрінісі.

Ұлттық дәстүр мен мәдени жадымызды ұлықтайтын BOZOQ FEST – QYMYZMURYNDYQ 2025 этнофестивалі — рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадам!

Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны және қолдау көрсеткені үшін Целиноград ауданы мен Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне шынайы алғысымызды білдіреміз!

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Похожие посты

2025 жылғы 12 қараша күні сағат 9:00-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институты бірлесіп «Жошы Ұлысы дәуірінің мұралары контексіндегі “Бозоқ”: музейлік кеңістіктегі репрезентация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Подробнее »

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» «Елорда тарихындағы ежелгі Бозоқ қалашығы» атты республикалық қашықтықтан эссе интернет-байқауын жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткізеді.

Подробнее »

Бүгін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қосшы қаласы IT мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Садуақасов Аманкелді Жұмағалиұлы мен шәкірті Гулямов Әлішер «Менің шағын Отаным» байқауына дайындық аясында түсірілім жұмыстарын жүргізді.

Подробнее »