Кітапта Абылай ханның күрделі саяси тағдыры, қазақ мемлекеттілігін сақтап қалудағы дипломатиялық шеберлігі мен ел басқарудағы кемеңгерлігі көркем тілмен үйлестіре баяндалады. Шығарма тарихи дерек пен көркемдік әдістің шебер ұштасуы арқылы ерекше құндылыққа ие.
Кездесу барысында Мұрат Ыдырысұлы бұл еңбекті жазу жолында атқарылған ғылыми жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Автор Абылай ханның өмір жолын жан-жақты зерттеу мақсатында Моңғолияға арнайы ғылыми экспедиция жасап, Орхон алқабында орналасқан Күлтегін және Білге қаған ескерткіштерін көзбен көріп, түркі жазбалары мен тарихи байланыстарды зерделегенін атап өтті.
Сонымен қатар, автор Абылай ханның сыртқы саясаттағы орны, Ресей, Қытай және Жоңғариямен жүргізген келіссөздері мен әскери стратегиясын архивтік материалдар, шежірелер және тарихи деректер арқылы талдап көрсеткен. Бұл еңбекте тарихи сана мен ұлттық болмыстың жаңғыруына ықпал ететін танымдық мазмұн молынан қамтылған.
Зерттеушіге тарихи танымды кеңейтуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғысымызды білдіреміз. Мұндай кездесулер жастардың тарихи құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, елдік сананы қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.