Фестиваль Бозоқ археологиялық паркі аумағында, Мемлекеттік тарихи-мәдени «БОЗОҚ» музей-қорығының бастамасымен өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, насихаттау және тарихи жадыны жандандыру. Бұл шара Президент ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ тарихи-мәдени мұраны қазіргі заман талаптары тұрғысынан қайта пайымдау жөніндегі стратегиялық көзқарасымен сабақтасып отыр.
Фестиваль алаңына ғылым мен мәдениет саласының көрнекті өкілдері, шығармашыл зиялы қауым, депутаттар, археологтар, суретшілер, этнологтар, мәдениет қызметкерлері, студенттер мен мектеп оқушылары, жергілікті халық жиналды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ қатысушыларды Халықаралық музей күнімен құттықтап, тарихи жадтың ұлттық санадағы маңызын атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары ПАЗЫЛОВА ГҮЛЗЕЙНЕП АНАФИЯҚЫЗЫ фестиваль аясындағы сөзінде ұлттық мұраны насихаттауда мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтіп, археологиялық парктерді мәдени-ағартушылық кеңістік ретінде дамыту бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы ЕРКІН ӘБІЛ АМАНЖОЛҰЛЫ «Бозоқ» ұлттық паркі жобасының ғылыми маңызын тілге тиек етіп, археологиялық мұраны сақтау бағытындағы жүйелі тәсілдердің қажеттілігін айтты.
Археолог, профессор ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ Бозоқ қалашығының — қазақтың тарихи жадындағы орны, урбанистік дәстүр мен мәдени өзіндік сананы жалғастыратын маңызды нүкте екенін нақтылады.
Белгілі суретші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты КӘМІЛ УӘЛИХАНҰЛЫ МУЛЛАШЕВ өзінің «ІНЖУ» атты жауынгер әйелге арналған туындысын ұсынды. Бұл картина – дала өркениетіндегі әйел рөлінің символы.
Этнолог СҰРАҒАНОВА ЗҰБАЙДА ҚАБИҚЫЗЫ тарихи тұрғыдан көне «Отпен аластау» салтын ғылыми-реконструкциялық үлгіде ұсынды.
Археолог ХАБДУЛИНА МАРАЛ ҚАЛЫМЖАНҚЫЗЫ бастаған Есіл экспедициясына қатысқан архелогтарымызбен көне Бозоқ қалашығының тарихын айтып өз сезімдерінмен бөлісті
Фестиваль мазмұны тек концерттік бағдарлама немесе сахналық көріністермен шектелген жоқ. Бұл – ғылым, өнер, музей ісі және этнографияның тоғысқан синтезі болды:
Р.Бағланова атындағы ҚАЗАҚКОНЦЕРТ «ҚАЗЫНА» фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі әншілер (Қ.ҚАЛҚАТАЕВ, Д. БЕКПЕНБЕТ, А.МҰҚИЯТ, А.ҚАРАБЕК) орындаған әндер — музыкалық код арқылы тарихи жадыны жандандырудың тәсіліне айналды.
ЮНЕСКО тізіміне енген қазақтың материалдық емес мұралары, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Сарыарқаның ландшафтық ескерткіштері жайлы тың ақпарат берілді.
«АРҚА» символының фонында өткен дәстүрлі әндер кеші — өткен мен бүгін арасындағы рухани көпір ретінде ұсынылды.
Фестиваль аясында орын алған от жағу және отпен аластау — көне түркілік таныммен үндес, тазарту, қорғану және жаңару рәмізі ретінде көрінді. Қазақ үшін ОТ — ӨМІР, КИЕЛІ ШЕКАРА, ұрпақ жалғастығы мен тектілік белгісі.
Городище Бозок — живое свидетельство культурно-цивилизационной преемственности от раннетюркских орд до средневековых казахских кыштаков. Этот археологический памятник раскрывает исторические корни современной Астаны и духовные истоки нации.
Бозоқ қалашығы — ерте түркілік ордалардан бастап, ортағасырлық қазақ қыстауларына дейінгі мәдени-өркениеттік сабақтастықтың тірі куәсі. Бұл археологиялық ескерткіш — қазіргі Астананың тарихи тамыры мен ұлттың рухани негізін айқындайды.