«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Музейге сый» акциясы аясында құнды сыйлықпен толықты — олардың ішінде ерекше назар аударатыны — «Қазақстан этностарының музыкалық мұрасы» атты басылым. Белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов құрастырған бұл бірегей музыкалық антология Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай алғаш рет жарық көрген болатын. Автордың басты мақсаты — Қазақстан аумағында тұратын этникалық диаспоралардың халық музыкасы үлгілерімен таныстыру.
Жинақта ұсынылған ән және аспаптық шығармалар елімізде тұратын жүзден астам этностың бай музыкалық мұрасын паш етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ерекше мәдени әралуандығын айшықтайды. Антология екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі халық музыкасының жанрларына арналған — ән, би және аспаптық шығармалар арқылы әр этностың рухани-тарихи өмірі, дәстүрі мен әдет-ғұрпы сипатталады. Екінші бөлімде ұзақ жылдар бойы жүргізілген ғылыми-зерттеу және экспедициялық жұмыстар нәтижесінде жинақталған музыкалық фольклордың таңдаулы үлгілері топтастырылған 28 CD-диск бар. Басылым қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған, бұл оны кең аудитория — оқырмандар, зерттеушілер, педагогтер, студенттер және Қазақстан халқының музыкалық мәдениетіне қызығушылық танытқан көпшілік үшін қолжетімді етеді. Аталған басылымның «Бозоқ» музей-қорығының қорына тапсырылуы кітапхана қорын байытып қана қоймай, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және насихаттау ісіне елеулі үлес қосты.