2025 жылғы 8 сәуірде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «БОЗОҚ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Францияның халықаралық археологиялық ұйымы EVEHA INTERNATIONAL өкілдерімен кездесу өтті.

Іс-шара археология және мәдени мұраны сақтау саласындағы мамандар арасындағы тәжірибе және кәсіби білім алмасу аясында ұйымдастырылды.

Музей-қорық қызметкерлері «Көне «Бозоқ» қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру» жобасын жан-жақты таныстырып, оның қазіргі жүзеге асырылу барысы, ғылыми жаңалықтар және мәдени мұраны насихаттау бағытындағы жетістіктері туралы баяндады. Ерекше назар жобаны әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысқан қазақстандық зерттеушілердің үлесіне және пәнаралық тәсілге аударылды.

Француз тарапынан шараға 2010 жылы құрылған және далалық қазба жұмыстары, аналитикалық зерттеулер мен ғылыми жарияланымдарға маманданған Eveha International археологиялық компаниясының өкілдері қатысты. Компания Еуропа, Африка және Азияда белсенді жұмыс атқарып, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраны қорғау бағдарламалары аясында тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау жобаларын жүзеге асырып келеді. Eveha International компаниясының бас директоры ПОЛЬ ТОМАС КРЕЙССЕН компания қызметі туралы презентация жасап, халықаралық жобаларға қатысу тәжірибесімен және археологиялық нысандарды консервациялау тәсілдерімен бөлісті. Делегация құрамында HERITAGE компаниясының бас директоры және Eveha International-дың ғылыми директоры РИККА СИМОНЕ, жобаның техникалық директоры САМАРА БРОЛЬЯ ДЕ МОУРА, сонымен қатар DUALEST компаниясының бас директоры ГИЙОМ ДЮБЮИ болды.

«Бозоқ» тарихи-мәдени жобасын музей-қорық директоры СӘУЛЕ БӨКЕЙХАНҚЫЗЫ БУРБАЕВА таныстырды. Жобаның Қазақстан үшін маңызы жөнінде бас ғылыми қызметкер ЗҰБАЙДА ҚАБИҚЫЗЫ СҰРАНҒАНОВА айтып берді. Жоба кеңсесімен таныстыру экскурсиясын және жобаға қатысты презентацияны аға ғылыми қызметкер ЕРБОЛАТ ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ РАХМАНҚҰЛОВ жүргізді. Ынтымақтастық мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтарды директордың орынбасары ӘЛІШЕР ТЛЕУҒАЗЫНЫҰЛЫ БЕСПАЛИНОВ қойды.

Кездесу барысында жетекшілер болашақ ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарын анықтады. Іс-шараға қатысушылар археологиялық маңызды табыстармен, музей-қорықтың даму кезеңдерімен танысып, тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын талқылады. Кездесу ғылыми диалогтың дамуы мен халықаралық байланыстарды нығайту үшін маңызды қадам болып, археология мен тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin