Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және 1931–1933 жылдардағы жаппай ашаршылық. Бұл зұлмат жылдары миллиондаған адам жазықсыз жапа шегіп, ұлт зиялылары мен қарапайым халық қуғындалып, атамекенінен айырылды.
Осыған орай, “Бозоқ” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке барып, тағзым етті. Гүл шоқтарын қойып, үнсіздікпен құрмет көрсетіп, жазықсыз қыршын кеткен боздақтардың рухына бас идік.
Бүгінгі күні бұл күн – өткеннің ащы сабақтарын саралап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды кезең. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда, ұлт жадысын жаңғыртуда ерекше рөл атқарады.
Халық жадында сақталған ақтаңдақтар – ұлттың тағылымды тарихының бір бөлшегі. Тарихты танып, тағзым ету – келешекке деген жауапкершілігіміз.