Бозоқ некрополі – XIII ғ. соңы – XV (XVI) ғ.: некрополь және мұсылмандық культтік орталық
Жошы Ұлысы дәуірінде Бозоқты көлінің шығыс жағалауы элиталық некропольге айналды. Оның аумағында ислам дәстүрі бойынша тұрғызылған кесенелер, топырақ қабірлер және қоршаулары бар мұсылман зираты қалыптасты (барлығы 62 мола). Сол кезеңге жататын қару-жарақтармен, ат әбзелдерімен және әшекей бұйымдармен бірге жерленген исламға дейінгі дәстүрдегі молалар де анықталған (8 мола).

Исламға дейінгі дәстүрдегі қабірлердің рәсімі қыпшақ обаларына ұқсас. Жерлеу рәсімі мен инвентарь негізінде бұл қабірлер XIV ғасырмен мерзімделеді. Алынған материалдар XIII–XIV ғасырлардағы Сарыарқадағы көшпелілердің жерлеу дәстүрлері жөніндегі мәліметтерді толықтыра түседі.

Айрықша құндылыққа ие нысандардың бірі – кесенелер. Олар бір камералы, шаршы пішінді, өрнекті кірпіштермен және жылтыратылған керамикалық элементтермен безендірілген. Кейбірінен заттай бұйымдар – жебе ұштары мен керамика табылған. Ерекше назар аударатын нысан – қара және сары түсті шикі кірпіштен қаланған, қабырғаларының қалындығы 0,7–0,8 м болатын кесене. Ішінен төрт қабір анықталып, олардан XIII ғ. соңы – XIV ғ. жататын бұйымдар – қола айна, жебе ұшы және күміс тиын табылған (6-сурет).
Ең көрнекті олжалардың бірі – ағаш астауға жерленген әйел қабірі. Қабірдің тереңдігі 1,5 м. Ағаш астаудың үсті күлгін түсті жібек матамен жабылған. Ішінен жібектен тігілген киім киген әйелдің қаңқасы табылды. Басында цилиндр тәрізді бас киім, қолдарында күміс білезіктер, құлағында сырғалар болған. Қасына темір найза мен қанжар, күміс тостаған, аяқ тұсында темір ауыздықтар қойылған.

Марқұмның бас сүйегі Мәскеудегі РҒА Антропология және этнология институтының антропологиялық реконструкция зертханасында қалпына келтірілді (7-сурет). Әйелдің жасы шамамен 40–50 жас аралығында болған. Мүрдесімен бірге табылған заттарға қарап, ол ерлермен қатар әскери істерге қатысқан деп болжауға болады. Сонымен қатар, сәнді бас киім мен әшекейлер оның әйелдік мәртебесін де айғақтайды.
Ғалымдар жазба және археологиялық деректер негізінде «бокка» немесе «боктаг» деп аталатын бас киім түрін қайта қалпына келтірді. Мұндай бас киімді ортағасырлық қоғамның ақсүйек тектес әйелдері ғана киген. Бұл туралы Г. Рубрук пен П. Карпинидің тарихи жазбаларында мәлімет бар. Боктаг сәндік бас киім болумен қатар, әлеуметтік мәртебенің белгісі ретінде қызмет еткен. Ол Жошы Ұлысының империялық мәдениетінің айқын көріністерінің бірі болып, Қытайдан Шығыс Еуропаға дейін таралған.
Осылайша, Бозоқ некрополінен табылған әйел қабірі мен оған қатысты бұйымдар XIII–XIV ғасырларда Есіл өңірін мекендеген мемлекеттің тарихы мен мәдениеті жөнінде құнды мәлімет береді. Ең алдымен, ол ортағасырлық қоғамдағы әйелдің жоғары әлеуметтік мәртебесін көрсетеді.
Сонымен қатар, Бозоқ некрополінде табылған Жошы Ұлысы дәуіріндегі ондаған молалар исламның таралу үдерісін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, далалық Қазақстандағы ислам діні элементтерінің исламға дейінгі наным-сенімдермен қатар өмір сүргені байқалады.