Бозоқ-білім аумағы» ғылыми-танымдық, музей акциясы «Бірегей экспонаттар сөйлейді»

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының кітапханасы қазақтардың тарихи этнографиясына арналған іргелі кітаптар сериясымен толықты. Жинаққа «Қазақ этнографиясы кітапханасы» сериясының 50 томы енгізілген. Бұл еңбектер этнограф-ғалымдардың тек деректану мен гуманитарлық ғылымдарға ғана емес, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның рухани мәдениетін сақтау, зерттеу және дамыту ісіне қосқан зор үлесі болып табылады. Әрбір том мәтінтанулық ескертпелермен және ғылыми түсіндірмелермен толықтырылған. Негізгі тақырыптарға қатысты жан-жақты түсіндірмелер берілген, кейбір жағдайларда аударма жұмыстары жүргізіліп, этнографиялық терминология нақтыланған. Бұл серияны зерттеушілер, оқытушылар, студенттер және қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қызығатын барша оқырмандар үшін аса құнды етеді.

Бірінші том көрнекті ғалым, саяхатшы және этнограф Ш.Ш. Уәлихановтың (1835–1865) еңбектеріне арналған. Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың этнографиялық мұрасы, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинау және сақтау жолындағы белсенді еңбегі, тарихи аңыздар мен шежірелерді жазып алуы, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірі мен тұрмысын сипаттаған этнографиялық жазбалары оны этнограф ретінде кеңінен мойындатты.

Бұл басылымға оның белгілі еңбектері: «Тәңірі», «Қазақтардағы шаманизм», «Қазақтардың көші-қоны», Абылай ханға арналған мақалалары, сондай-ақ ғалым құрастырған қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі енген.

Осылайша, «Қазақ этнографиясы кітапханасы» сериясы этномәдени үдерістерді, тарихи жадты және қазақ қоғамының рухани негіздерін зерттеуге кең мүмкіндіктер ашатын бірегей ғылыми жоба болып табылады.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin