«Кітаптар — ұлт прогресіне апарар ең маңызды баспалдақтар», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда, оқу мәдениетін, кітапхана ісін дамыту мен қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтудың маңыздылығына назар аудара отырып.

Қазіргі ақпарат ағыны қарқынды артқан заманда мазмұны терең, ағартушылық миссиясы мен мәдени маңызы бар сапалы басылымдардың құны арта түсуде. Осындай миссияны бүгінгі таңда Қазақстандағы дистрибуция және баспа ісі саласындағы ең ірі холдингтердің бірі — «МЕЛОМАН» компаниясы атқарып отыр. Айрықша ризашылықпен хабарлаймыз, «МЕЛОМАН» компаниясы «МУЗЕЙГЕ СЫЙ» акциясы аясында Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына кітаптар жинағын тегін сыйға тартты. Сыйға берілген басылымдардың қатарында көркем әдебиет, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектер, сондай-ақ мәдениет, тарих және рухани мұра тақырыптарындағы кітаптар бар. Бұл жомарт сый музей кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, ғылыми-ағартушылық және білім беру қызметінде кеңінен қолданылатын болады. Аталған ресурстар студенттерге, оқушыларға, музей қызметкерлері мен зерттеушілерге қолжетімді болады.

Мұндай игі істер бизнес пен қоғамдық дамудың арасында берік көпір орнатып, оқырман қоғам мен білімді ұлт тәрбиелеуге септігін тигізеді.

«МЕЛОМАН» бренді Sony Pictures, Disney, MARVEL, LEGO, CHICCO, Warner Bros. Entertainment, 20th Century Fox Home Entertainment, Paramount Pictures және басқа да жетекші әлемдік компаниялардың ресми дистрибьюторы ретінде танылып, еліміздің мәдени индустриясының көшбасшыларының бірі мәртебесін иеленіп отыр.

Компанияның баспа ісіндегі қызметі ерекше алғысқа лайық: олар отандық және шетелдік үздік авторлардың еңбектерін таңдап басып шығарып, Қазақстанның мәдени және рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналдыруда.

Дәл осындай бастамалар — «МЕЛОМАН» компаниясының үлгісінде — оқырман ұлт қалыптастыруға, мәдениет пен ағартушылықты дамытуға, қоғамдағы гуманитарлық құндылықтарды нығайтуға сүбелі үлес қосады.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin