ҚР МСМ МК «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (TIKA) бірлесіп, 2022 жылғы 7 сәуірде Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің қатысуымен Ғылым күніне арналған «Бозоқ» ұлттық паркі жобасы аясында түркі тарихи-мәдени мұрасын репрезентациялау мен зерттеудегі жаңа бағыттар» атты ғылыми-практикалық семинар өткізді.

Семинардың мақсаты ортағасырлық тарихты зерттеудің өзекті мәселелерін талқылау, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қайта құру және танымал ету бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу болды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас достыққа, бауырластыққа және сенімге негізделген. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа тарих кезеңінде екі мемлекеттің саяси және сауда-экономикалық қатынастарды ғана емес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды да кеңейтуге және тереңдетуге ұмтылуымен ерекшеленеді. Аталған үдерістерге түркітілдес халықтардың тарихи тамыры мен мәдени құндылықтарының ортақтығы объективті түрде ықпал етеді.

Іс-шараға ҚР МСМ, Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің, TIKA, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының, Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, К.А. Ақышев атындағы археология ҒЗИ, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология ҒЗИ өкілдері қатысты. "Бозоқ" жобасын іске асырудың басты аспектілері және ашық аспан астындағы музейлерде тарихи-мәдени мұраны репрезентациялау жөніндегі ұсынымдар талқыланды.

Семинар жұмысында Қазақстанның музей қызметкерлері үшін Түркия Республикасының жетекші мәдени және ғылыми орталықтарына тағылымдамалар ұйымдастыру, Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы ғылыми және музей орталықтарының реставрациялаудағы, консервациялаудағы халықаралық жұмыс тәжірибесін зерделеу, мәдени мұраны таныстыру саласындағы жетістіктермен танысу мәселелері көтерілді.

Қазақстан стратегиялық серіктестердің бірі ретінде Түркия Республикасымен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән береді.

"Бозоқ" музей-қорығының құрылуы екі елдің ғалымдарына біздің ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді зерттеуге мүмкіндік береді.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin