Іс-шараға ғалымның жиен туысы — Азмұханова Айман Махсотқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің қауымдастырылған профессоры арнайы келіп қатысты.
Кездесу барысында Айман Махсотқызы Салық Зиманұлы Зимановтың өмір жолы мен ғылыми қызметіне кеңінен тоқталып, шағын презентация арқылы ғалымның отандық құқық ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесін таныстырды. Сонымен қатар Ата Заң және конституциялық реформаларға қатысты маңызды, мазмұнды ақпараттармен бөлісті.
Іс-шара аясында ғалымның ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында Салық Зиманұлы Зимановтың 10 томдық еңбегі арнайы мекемеге табысталды. Бұл қадам көрнекті ғалымның бай ғылыми мұрасын сақтау мен зерттеу ісіне қосылған маңызды үлес болып табылады.
Аталған дөңгелек үстел отырысы ғалымның өнегелі өмірі мен мол ғылыми мұрасын дәріптеуге, құқықтық сананы арттыруға және жас ұрпаққа тағылым беруге бағытталған тағылымды шара болды.






