«ЖОШЫ ҰЛЫСЫ ДӘУІРІ МҰРАСЫНЫҢ КОНТЕКСІНДЕГІ БОЗОҚ: МУЗЕЙЛІК КЕҢІСТІКТЕГІ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

2025 жылғы 12 қараша күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «БОЗОҚ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ЖОШЫ ҰЛЫСЫН жөнінде ғылыми-зерттеу институтымен, сондай-ақ Ә.Х. МАРҒҰЛАН атындағы АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫМЕН және К.А. АҚЫШЕВ атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп «ЖОШЫ ҰЛЫСЫ ДӘУІРІ МҰРАСЫНЫҢ КОНТЕКСІНДЕГІ БОЗОҚ: МУЗЕЙЛІК КЕҢІСТІКТЕГІ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты Халықаралық ғылыми-тәжирібиелік конференция өткізді. Іс-шара Жошы Ұлысы дәуірінің тарихи-мәдени мұрасына арналды. Конференция аясында «Көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру» жобасының толықтырылған тұжырымдамасы таныстырылып, талқыланды.

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан Республикасының Президенті ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ Еуразия кеңістігіндегі дала өркениеттерінің қалыптасуы мен дамуының орталығы ретіндегі Қазақстанның тарихи рөлін атап өтті:

«Бұл қазіргі Қазақстан миссиясын түсінуге де сеп болады. Көшпелі өркениеттің бастау алып, дамыған орталықтарының бірі болу – тек өткенді еске алу емес, ортақ игілік жолында халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді біріктіру деген сөз. Ұлы Даланың жүрегі іспетті Қазақстан көне дәстүрлерді қазіргі дамуымыздың берік іргетасына айналдыра отырып, өз тарихи миссиясын жалғастыра беруі тиіс». Конференцияның мақсаты – енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді ескере отырып, «Бозоқ» тарихи-мәдени жобасының жаңартылған тұжырымдамасының тұжырымдамалық тәсілдерін бекіту. Жошы Ұлысы дәуірі – Еуразия даласының саяси және мәдени тарихындағы шешуші кезең, түркі халықтарының мемлекеті мен этномәдени дәстүрлерінің қалыптасуына зор ықпал еткен уақыт. Қазіргі зерттеулер Жошы ханның — Шыңғыс ханның тұңғыш ұлының — ұрпақтарынан тараған билеуші әулет арқылы саяси дәстүрлердің сабақтастығын және Жошы Ұлысы мемлекеттілігінің тұтастығы идеясын растайды. Астана қаласының аумағында, Сарыарқаның географиялық орталығында орналасқан көне Бозоқ қалашығы XIII–XIV ғасырларда Жошы Ұлысының мәдени-экономикалық кеңістігіне кірген. КЕМЕЛ АҚЫШЕВ пен МАРАЛ ХАБДУЛИНА жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясының (1999–2014 жж.) нәтижесінде мұнда 72 жерлеу орны, оның ішінде «Інжу» деп аталған әйел жауынгердің элиталық қабірі, монеталар мен бес кесене анықталды. Бұл олжалар Бозоқтың дамуының айқын Алтын Орда кезеңін және оның ортағасырлық Қазақстан даласындағы қалалық мәдениет орталықтарының бірі болғанын дәлелдейді.

Конференцияның ашылуы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ҚАПБАРОВА АЙГҮЛ ЖАРЫЛҚАСЫНҚЫЗЫНЫҢ құттықтау сөзімен басталды. Өз сөзінде ол бұл тарихи-мәдени жобаның ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тұрғысынан тарихи жадты сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. А.Ж. ҚАПБАРОВА сондай-ақ музей-қорықтың қызметін үнемі назарда ұстайтынын, оның этнографиялық фестивальдеріне белсенді қатысып, тарихи-мәдени мұраны насихаттауға бағытталған бастамаларын тұрақты түрде қолдайтынын айтты.

Сондай-ақ конференция барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары АРҒЫНБЕКОВ МАҚСАТ АРҒЫНБЕКҰЛЫ сөз сөйлеп, Жошы Ұлысы дәуірін зерттеудің маңызын және БОЗОҚ қалашығының дала өркениетінің тарихи-мәдени мұрасындағы ерекше орнын атап өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Мысыр, Ирландия және Тунистен жетекші ғалымдар қатысты. Мысырдан келген тарих ғылымдарының докторы, Асуана университетінің профессоры АБДУЛАЗИМ ГХАЛВАШ МОХАММЕД РИАД қыпшақтардың Мысырдың саяси және әскери тарихындағы рөліне тоқталып, Еуразия даласынан шыққан тұлғалардың мәмлүк ақсүйектерін қалыптастырудағы ықпалын атап өтті. Ресейлік зерттеуші, PhD ИСМЕТ ЗААТОВ Дешті Қыпшақтағы Алтын және Ноғай ордаларының мәдени және саяси мұрасын саралады. Өзбекстаннан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор ШОДМОН ВОХИДОВ Хорезм мемлекетінің дамуындағы және Жошы ұрпақтарының рөліндегі генеалогиялық сабақтастықты талдады. Ирландиядан келген тарих ғылымдарының кандидаты, PhD БУЛАТ РАХИМЗЯНОВ Жошы Ұлысының тарихнамасы мен оның халықаралық ғылыми зерттелуіндегі заманауи бағыттарды ұсынды.

Тунис академиясының корреспондент-мүшесі, профессор МИРЛАН НАМАТОВ түркі-мәмлүк ақсүйектерінің Шығыс Жерорта теңізі тарихындағы орнын ашып көрсетті. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты АЛЕКСАНДР МАЙОРОВ Жошы Ұлысының әкімшілік құрылымы мен әскери ұйымдасу жүйесін талдады. Тарих ғылымдарының докторы АЙБОЛАТ ҚҰШҚҰМБАЕВ Мұхаммед Шайбани ханның тұлғасын Шыңғыс әулетінің сабақтастығы мен жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуы тұрғысынан қарастырды.

Конференцияның екінші панельдік сессиясында Жошы Ұлысының мәдени және рәміздік мұрасы талқыланды. «БОЗОҚ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры САУЛЕ БӨКЕЙХАНҚЫЗЫ БУРБАЕВА «БОЗОҚ ҰЛТТЫҚ ПАРКІНІҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН МЕМЛЕКЕТТІК МӘДЕНИ САЯСАТ КОНТЕКСІНДЕ БЕКІТУДІҢ МАҢЫЗЫ» атты баяндама жасап, музей-қорықтың құрылу тарихын, жобаның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және қазіргі мәдени саясатты жүзеге асырудағы стратегиялық рөлін атап өтті. К.А. Ақышев атындағы археология институтының директоры МАРАЛ ХАБДУЛИНА Бозоқтың Алтын Орда кезеңіндегі рухани және әкімшілік орталық ретіндегі маңызын баяндады. Түркияның Бозок университетінің профессоры, PhD МЕХМЕТ КУТЛУ Сарыарқа мен Анадолыдағы тарихи-мәдени параллельдерді ашып көрсетті. Новосибирск мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы ЛЕОНИД АЛЕКСАНДРОВИЧ БОБРОВ, Еуразияның көшпелі халықтарының әскери тарихы мен қару-жарақ реконструкциясы саласындағы танымал маман, XI–XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ көшпенділерінің әскери мәдениетіне жан-жақты талдау жасады. Өз баяндамасында ғалым әскери тактика мен қару эволюциясын, жауынгерлік символиканы жан-жақты сипаттап, түркі қағанаттары дәуірінен Жошы Ұлысына дейінгі әскери дәстүр сабақтастығын көрсетті.

Л.А. БОБРОВТЫҢ баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф, суретші ҚАЛИОЛЛА АХМЕТЖАН көшпелілердің шабуыл және қорғаныс техникасының реконструкцияларын ұсынды. Жошы Ұлысын жөнінде ғылыми-зерттеу институтының директоры ЖАҚСЫЛЫҚ САБИТОВ Ұлыстың этносаяси тарихы туралы баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты ЗУБАЙДА СҰРАҒАНОВА Бозоқ қалашығына қатысты сакралды география мен аңыздық мотивтерді сипаттады.

Конференция барысында Бозоқ қалашығының жай ғана археологиялық нысан емес, Ұлы Дала мәдениеттерінің сабақтастығын айқындайтын рәміз екені атап өтілді. Қабылданған қарарда «Бозоқ» тарихи-мәдени жобасының жаңартылған тұжырымдамасы Еуразия далалық өркениеттерінің мұрасын сақтау мен насихаттаудың стратегиялық бағыты ретінде бекітілді.

Поделиться

Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Похожие посты

2025 жылғы 12 қараша күні сағат 9:00-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институты бірлесіп «Жошы Ұлысы дәуірінің мұралары контексіндегі “Бозоқ”: музейлік кеңістіктегі репрезентация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Подробнее »

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» «Елорда тарихындағы ежелгі Бозоқ қалашығы» атты республикалық қашықтықтан эссе интернет-байқауын жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткізеді.

Подробнее »

Бүгін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қосшы қаласы IT мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Садуақасов Аманкелді Жұмағалиұлы мен шәкірті Гулямов Әлішер «Менің шағын Отаным» байқауына дайындық аясында түсірілім жұмыстарын жүргізді.

Подробнее »